Медиа орталық

Алматы облысында халықаралық компания құны 44 млрд теңге болатын 2 зауыт салады

Алматы облысында халықаралық компания құны 44 млрд теңге болатын 2 зауыт салады

Алматы облысында халықаралық компания жылу оқшаулағыш материалдар шығаратын екі заманауи зауыт салады. «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ сүйемелдейтін жоба шеңберіндегі инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 44 млрд теңгені құрайды. Бұл туралы «Технониколь» корпорациясының ресейлік инвесторлары Алматы облысына сапары барысында хабарлады.

Келіссөздер барысында өңір басшысы Амандық Баталов облыстың бәсекелестік артықшылықтары мен қолайлы инвестициялық ахуалына кеңінен тоқталды.

«Біз сіздің компанияңызбен ынтымақтастық орнатуға қуаныштымыз. Инвестициялар тарту, жаңа өндірістер, жұмыс орындарын ашу Елбасы мен ел Президентінің аса маңызды тапсырмаларының бірі болып табылады. Біздің облыста тұрғын үй құрылысының көлемі жыл сайын өсіп келеді. Сондықтан бізге озық технологияларды пайдалана отырып, осындай заманауи өндіріс қажет. Біз өз тарапымыздан қажетті қолдау көрсетеміз», - деді А.Баталов.

Өз кезегінде, «Технониколь» компаниясының «Минералды оқшаулау» стратегиялық бизнес бірлігінің басшысы Василий Ткачев корпорацияның қызметі мен Қазақстандағы жұмыс жоспарлары туралы айтып берді.

«Бірінші зауыт тас мақтадан энергия үнемдейтін жылу оқшаулағыш материалдар шығаратын болады. Бұл экспортқа бағдарланған өндіріс, өнімнің 20%-ы Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстанға экспортталатын болады. Жылына 1,5 млн текше метр дайын өнім шығаратын жаңа зауытта 180 жұмыс орны ашылады. Кәсіпорында қабырғалар, жабындар, қасбеттер, едендер мен ішкі қалқалар үшін құрылыстық жылу және дыбыс оқшаулағышы, сондай-ақ сэндвич-панельдерге арналған материалдар, техникалық оқшаулау, оттан қорғау және ауыл шаруашылығына арналған субстраттар өндіретін болады. Зауытты 2023 жылдың қыркүйегінде іске қосу жоспарлануда», - деді Василий Ткачев.

Екінші зауыттың ерекшеліктері туралы «Технониколь» компаниясының «Полимерлік оқшаулау» стратегиялық бизнес бірлігінің жетекшісі Алексей Касимов айтып берді.

"Бұл қуаттылығы жылына 400 мың текше метр дайын өнімді қайта өңдеуге болатын экологиялық таза жылу оқшаулағыш материал - экструзионды пенополистирол өндіретін кәсіпорын болады. Ол әртүрлі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру кезінде шатырды, іргетасты, еденді оқшаулау үшін қолданылады. Жаңа кәсіпорында тағы 40 жұмыс орнын ашу жоспарлануда», - деді А.Қасымов.

«Технониколь» компаниясының зауыттары автоматтандырудың жоғары дәрежесімен және барлық экологиялық нормалар мен талаптарды сақтауға ерекше назар аударумен ерекшеленеді. Бұл ретте, өндірілетін өнім құрылыс технологиясын бірнеше есе жеңілдетуге мүмкіндік береді. Тағы бір ерекшелігі - кәсіпорын мамандары мен мердігер ұйымдардың өкілдері үшін оқу орталықтарын ашу болмақ.

Кездесу қорытындысы бойынша ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумға қол қойылды. Келісім Алматы облысының әкімдігі, Қазақстан Республикасының Ресейдегі Сауда өкілдігі және «Технониколь» компаниясы арасында жасалды.

Қолданбасын орнатыңыз:
1) Ашыңыз сайты Safari
2) сақтау Түймешігін түртіңіз
3) Қосу экран үйге