Медиа орталық

Алматы облысында мал шаруашылығы кешені салынады

Алматы облысында мал шаруашылығы кешені салынады

Алматы облысында швейцариялық технологияның негізінде жылына 50 мың шошқа өсіретін селекциялық-гибридті мал шаруашылығы кешені салынып, оған 20 млн. евро инвестиция тарту жоспарланған. Осы жобаның жүзеге асырылу барысы туралы Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың швейцариялық-украиналық «KS Genetics Switzerland SA» компаниясы өкілдерімен кездесуінде талқыланды.

Ресми өкілдерді жылы қабылдаған облыс әкімі Амандық Баталов өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму ерекшеліктері, басым бағыттары туралы қысқаша айтып берді. 

«Алматы облысы негізінен аграрлы аймақ. Біздің шаруашылықтар көбіне қант қызылшасы мен жүгері өсіруге маманданған, республикада өсірілетін сояның 95% біздің өңірде өсіріледі. Ауыл шаруашылығы дақылдарын өңдеу ісі де жолға қойылған. Бізде екі ірі қант зауыты жұмыс істейді. Биылғы жылы қант қызылшасының алқабы 16,3 мың га жетіп, 55 мың тоннаға дейін қант шығарылады. Мал шаруашылығы да дамытылуда. Оған Трансұлттық компаниялар да қатысуда. Неміс және америкалық компаниялармен бірлесіп, ірі қара мен ұсақ малдың етін өңдейтін екі ірі жоба іске асырыла бастады. Біз сіздермен бірлесіп жұмыс істеуге қашанда қуаныштымыз. Бізге сіздердің технологияларыңыз, соның ішінде тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу бойынша технологияларыңыз қажет. Сіздермен тағы бір мәрте кездесіп отырғаныма қуаныштымын. Мал шаруашылығы кешенінің құрылысына байланысты ұсыныстарыңызды бірге талқылауға дайынбыз», - деді Амандық Баталов. 

Жылы қабылдаған облыс басшысына Федералды жиналысы кантон кеңесінің экс-төрағасы, «KS Genetics Switzerland SA» компаниясының президенті және акционері Филиппо Ломбарди «Астана ЭКСПО» Халықаралық мамандандырылған көрмедегі алдыңғы кездесуді еске алды. 

«Өткен жолы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын. Бүгін сол келісімдер нақты жобалармен жалғасқанына қуаныштымын. Біз мал шаруашылығы кешенін салу туралы жобамызды украиндық серіктестермен бірігіп, заманауи швейцариялық технологияны пайдаланып іске асырамыз. Біз генетикамен жұмыс істейміз, оның өзі табиғаттан тыс емес, табиғилықтан ауытқымастан атқарылатын табиғи генетика. Жергілікті өндірушілерді мал шаруашылығы саласындағы өзіміздің заманауи технологиямызбен бөлісуге дайынбыз», - деді Ф.Ломбарди. Сол  сияқты ол кешеннің мақсаты өнімділігіне кепілдік берілетін, ауруға төзімді, генетикалық манипуляциясыз таза қанды шошқалар өсіру екенін атап өтті. 

Жоба туралы «KS Genetics Switzerland SA» компаниясының акционері, «KSG Agro» компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Сергей Касьянов неғұрлым кеңірек айтып берді. 

«Жобаның бірінші кезеңін жүзеге асыруға біз 25-30 млн. евро инвестиция құюды жоспарлап отырмыз. Мал шаруашылығы кешенінің құрамына репродуктор, ферма және құрама жем зауыты кіреді. Сондай-ақ сіздердің өңірлеріңізде соя бар, жүгері бар. Біз жергілікті фермерлер дақылдарды бізге қажетті көлемде өсірулері үшін оларды қаржыландырып, дәл сол жерде оларды өңдеуді жоспарлап отырмыз. Енді бірлесіп жобаны жүзеге асыратын жерді анықтасаұ дейміз. Бізге бұрын сондай фермалар болған алаңдар да жарай береді. Болашақта дайын өнімдерімізді Қытайға эспорттау да жоспарымызда бар», - деді С.Касьянов. 

Кездесуді қорытындылаған Амандық Баталов жобаны іске асыруға қажетті қолдау көрсетілетінін айтты:

- «Экспо» аясында меморандум жасасқалы бері біз бірлесіп жұмыс істей бастадық. Сіздер сөз етіп отырған жоба – жаңа кәсіпорын, соның арқасында жаңа жұмыс орындары құрылады, бюджетке салық түседі, өңірдің экспорттық әлеуеті артады. Швейцария технологиясы әлемде жоғары бағаланады, сондықтан бізбен бірге жұмыс істегендеріңізді қолдаймыз. «Бизнестің жол картасы» шеңберінде кәсіпорынға қажетті инфрақұрылымдарды тартып бере аламыз. Сату нарығы неғұрлым жақын болуы үшін «Бизнестің жол картасы» шеңберінде «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА аумағында логистикалық база салуды ұсынамын. Құрғақ порт арқылы Еуропаға дейін контейнерлер 10-12 күн, Қытайға дейін 3-4 күн жүреді. Бұл – өте қолайлы, - деді А. Баталов. Ауыл шаруашылығына, инвестиция тарту мен кәсіпкерлік саласына жетекшілік ететін орынбасары Серік Тұрдалиевке жобаның жүзеге асырылу барысында қолдау шараларын қарастыруды тапсырды. 

Сонымен қатар «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ басшылығымен кездесуі кезінде мемлекеттік қолдау шаралары сол сияқты агроөнеркәсіптік кешен саласындағы инвестициялық жобалар таныстырылды. 

Атап өтсек, бүгінгі кездесу Алматы облысы мен Швейцария арасындағы 2017 жылдан басталған іскерлік қатынастардың жалғасы деуге болады. Нақтырақ айтқанда «Астана ЭСКПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Алматы облысы мен Швейцарияның Тичино кантоны арасында өңіраралық деңгейде ынтымақтастықты нығайту мақсатында меморандумға қол қойылған болатын. Мұнан соң 2018 жылы Швейцарияның Тичино кантоны делегациясы Талдықорған қаласында В2В форматында өткен бизнес-форумға қатысу және Қапшағайдағы жаңартылған энергия көздері нысандарын көру, сол сияқты «жасыл» энергетиканың өңірде даму барысымен танысу үшін облысқа арнайы келді. 

Жалпы 2020 жылдың қорытындысы бойынша Алматы облысына 700 млрд. теңге шамасында инвестиция тартылды. Бүгінгі күні облыстың инвестициялық портфелінде жалпы құны 5,4 трлн. теңге болатын, 44 мың жаңа жұмыс орны ашылатын 546 жоба бар. Трансұлттық компаниялардың қатысуымен 9 жоба қолға алынып, соның 3-еуі іске асырылды.

Қолданбасын орнатыңыз:
1) Ашыңыз сайты Safari
2) сақтау Түймешігін түртіңіз
3) Қосу экран үйге